ЖаңалықтарСпорт

Ақтөбе Мейрамбек Айнағұловты күтіп алды

Ақтөбе жұртшылығы Азия ойындарының қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұловты әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды.

Өткен жұма күні Индонезия елінде өтіп жатқан XVIII жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов туған еліне оралды.

Спортшыны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов құттықтады.

Мейрамбек Айнағұловты және оның жаттықтырушысы Рақымжан Бақытжановты өңір басшылығы атынан дүбірлі додада қола медаль иеленулерімен шын жүректен құттықтаймын. Әрине, бұл да үлкен жетістік. Барша ақтөбелік жанкүйерлер Мейрамбектің жетістігіне ерекше қуанышты. Алдағы уақытта да палуанымыз талай жарқын жеңістерімен қуанта береді деген сенімдеміз, — деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, 21 тамызда Индонезияның Джакарта қаласында грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов жарысқа шыққан болатын. Жеребе бойынша палуанымыз жарыстың бірінші кезеңін өткізіп, ширек финалда вьетнамдық спортшыны айқын басымдылықпен жеңе білді. Алайда, ақтық кездесуде Қырғызстан елінің спортшысы Каныбек Джолчубековтен ұтылды. Ал, қола медаль үшін кездесудің бірінші кезеңінде Солтүстік Корея елінің спортшысына 5:0 есебімен есе жіберіп, екінші кезеңде басымдылығын көрсетіп, 13:5 есебімен таза жеңіске жетті.

— Жарыс жолына жақсы дайындықпен аттандық. Алайда, бұйырғаны қола жүлде болды. Алдымда әлі талай додалар бар. Енді қысқа уақыт демалыстан кейін, қайта оқу-жаттығу жиындарына қатысуды бастаймын. Әлі де жеңіс тұғырынан көрінетініме сенімдімін, — дейді Мейрамбек Айнағұлов.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button